Білім

Балдырған

Білесің бе?

САҒЫЗ

Бүгінде сағыздың түр-түрі бар. Ащысын да, тәттісін де еркін табуға болады. Ал бұл өнімді өндіретін алғашқы кәсіпорын ХІХ ғасырдың ортасында пайда болыпты.

Мэн штатының (Жаңа Англия) тұрғындары ағайынды Куртистар ара балы қосылған қарағай шайырын сағыз есебінде қорапшаларға салып сатуды ойлап табады. Кейін бұл іс жақсы нәтиже берген соң 1850 жылы кәсіпорын көлемі ұлғаяды.

Уақыт өте келе құрамына түрлі дәмдеуіштер қосылған сағыздар пайда бола бастайды. Бірақ жұртшылық каучукты сағызды жақсы қабылдайды. Бұл сағызды  бірінші  Нью-Йорк штатының тұрғыны Томас Адамс ойлап табады. Ол алғаш 1 тонна каучук сатып алып, қайнатып, ерітіндіден төртбұрышты сағыз ойлап шығарған екен.

Таным

ҚЫТАЙ – ОТШАШУДЫҢ ОТАНЫ

Бүгінде әрбір мереке отшашусыз өтпейді. Ал отшашу қайдан шықты? Мұны алғаш кім ойлап тапқан?

Дерекке сүйенсек, алғашқы отшашулар осыдан бірнеше ғасыр бұрын ежелгі Қытай елінде пайда болыпты. Қытайлықтар отшашуды «паочак», яғни «жарылғыш бамбук» деп  атайды екен. Қызығы, бамбуктың жасыл қалдықтарын отқа тастағанда ұсақ шоқтар атылып, от ұшқындары жан-жаққа шашырай бастайды. Адамдар тосыннан тарсылдаған дыбыстан қатты шошиды. Кейін ІХ ғасырда Даос монархтары мәңгілік өмірдің эликсирін іздеу барысында, селитраға ағаш көмірі мен күкіртті араластырып отқа жағады. Бірақ эликсирдің орнына қап-қара от ұшқындары пайда болады. Кейін бамбуктың жас томарларына эликс толтырылып отқа тасталғанда, әр түрлі от ұшқындары шығады.

ХІІ ғасыр басында қытайлықтар арасында отшашу жасайтын шеберлер көбейеді. Сол уақытта отшашулар діни мерекелердің сәніне айналған. Отшашу түстерінің де өзіндік мәні бар. Мәселен, көк түс өмірлік жол, сары алтын белес, жасыл жер күші, ал қызыл империяның тұрақтылығын білдіреді екен.

Фестиваль

ЖАЙГҮЛДІҢ ЖЕТІСТІГІ

Жақында Одесса қаласында «Данко – 2009» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған халықаралық фестиваль өтті.

№42 Ақтөбе орта мектебінің 6-сынып оқушысы Жайгүл Жаңабай – талантты оқушының бірі. Сабақ үлгерімі де, тәртібі де жоғары. Ал оның өнерге деген қабілеті тым бөлек. Биылғы қалалық «Жас толқын» байқауынан жүлделі 3-орынға қол жеткізген Жайгүл Одессада өткен фестивальда 1-ші дәрежелі лауреат атанды.

Жас өнерпаздарды анықтау, олардың өнерін бағалау мақсатында ұйымдастырылған байқауға қатысушылардың дені ресейліктер. Ал Қазақстаннан барған ақтөбелік жас биші көрермендердің көзайымына айналды. Жайгүлді 4 жыл бойы өнерге баулыған ұстазы Зердегүл Үркімбаева жеңістің оңайлықпен келмегендігін сөз етті. Әйтсе де ақтөбелік биші «Қыр қызы» мен ұйғыр халқының «Майрам» биін билегенде көрермендердің шапалағы көпке дейін басылмапты.

– Менің би өнерінде тәрбиелеп жүрген шәкірттерім көп. Және олардың көпшілігі түрлі байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Ұстаздың бақыты – шәкірттерін биіктен көрсету, – дейді Зердегүл Үркімбаева.

Айым ЖҰБАТҚАН.

Жас түлек

ҚОШ БОЛ, МЕКТЕП!

Жақында өткен ҰБТ сынағын біздің сыныптың оқушылары жақсы тапсырды. Ақтық сында біз ұстаздарымыздың еңбектерін ақтай білдік. Әрине, тест сұрақтары оңай болған жоқ. Бірақ оқу жылының алғашқы айынан-ақ бізді мектеп мұғалімдері сынаққа жақсы дайындады. Мектебіміздің жаңа басшысы Самал Тілеубаева оқушыларға барлық мүмкіндікті жасады. Әр күнге бес пәннен қосымша сабақтар ұйымдастырылды. Ал біздің ұстаздарымыз Ақшолпан Исмаилова, Күлән Наменова, Айнагүл Қыдырова, Сәуле Жұбаназарова, Ұмсындық Кандеева, Жайнагүл Дакенова, Амангерей Жанаев, Алтынгүл Қонақбаева, т.б. қосымша сабақтар өткізді. Біз ұстаздарымызға алғысымызды білдіреміз.

Сынып жетекшіміз Күлән Нәменова біздің туған анамыз тәрізді. Барлығымызды еркелете отырып, сабаққа талапты қатты қоятын. Біз ұстазымызды ренжітпеуге тырысып, сабаққа ұқыптылықпен дайындалатынбыз. Ал мектепте алғаш әліппе ұстатқан Жадыра Күштаеваның орны біз үшін бөлек. Біз ұстаздарымызды келешекте жақсы істерімізбен қуантып, мектеп атына кір келтірмеуге уәде етеміз.

Қарлығаш МҰХИТОВА,

Бершүгір орта мектебінің

11-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Оқушы ойы

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙІК!

Тіл туралы сан мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ менің қынжылатыным, кейбір адамдардың әлі де ана тілге жанашырлықпен қарамайтындығы. Байқасаңыз, екі қазақтың басы қосылса, орысша сайрайды…

Ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша елі, жері, тілі үшін күресті емес пе? Тіпті, көп ғұламаларымызға «ұлтшыл» деген айып тағылса да, ана тілі үшін шырылдады. Міне, тәуелсіздік алғанымызға 18 жыл болды. Осы жылдар ішінде арамызда әлі ана тілін білмейтін қазақтар бар. 18 жылда адамды емес, тоты құсты «қазақша сайратуға» болады.

Біз, жастар – еліміздің ертеңгі үмітіміз. Сондықтан соңымызға ерген іні-сіңлілерімізге тіл құдіретін түсіндіріп, олармен ана тілінде сөйлесуіміз керек.

Айзат ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ,

№42 Ақтөбе орта мектебінің

11-сынып оқушысы.

Жас қалам

БАЛА ЖЕТІМ ҚАЛМАСЫН

Қазір Қазақстанда тірі жетімдер саны өте көп. Шын жетімдікті тағдыр маңдайға жазады, ал тірі жетімдердің жалғыздығына мейірімсіз «аналар» мен арсыз «әкелер» кінәлі. Арақ ішіп азғындап, әке-шеше құқығынан айрылған ата-аналар да жетімдерді көбейтіп отыр. Олардың көпшілігі өз ұрпағының болашағын ойламайды. Тіпті, ол үшін басы ауырмайды. Ал жазықсыз сәбилер ше? Ешқашан ана мейірімін сезінбей, олардың «құлыншағым», «жалғызым» деп еркелеткен сөздерін естімей, тастанды өмір кешеді емес пе?! Қай ұлттың өкілі екенін білместен, ешбір ұлт үшін жаны ауырмастан жетім көңіл қатайып, өмір қасіретін тартады.

Баланың анаға деген риясыз көңілі мен ананың балаға деген ерекше мейірімі ештеңемен өлшенбейді және сатылмайды. Өмірдің негізгі мәні де осы екі болмыстың бір-біріне деген ынтазар сезімінде ғой. Ананың бақыты – баласының бақытты болуы, баланың тілегі – анасының жылы сөзін естуі, ата-анасының амандығы. Жетім балалар үйінде тәрбиеленушілер де өз аналарынан күдерін үзген емес, оларды іздеуді тоқтатпайды да, мәңгілік күтеді де. Ендеше, осындай аналарға мейірімдеріңізді түгел сарқып алмай тұрғанда, ұрпақтарыңызды тірі жетімдіктен құтқарыңыздар дегім келеді.

Батыр ОРАЗБАЕВ,

№40 Ақтөбе орта мектебінің

7-сынып оқушысы.

Оқушы өлеңі

БАТЫРЛАРДЫҢ МЕКЕНІ

Батырлардың мекені – Ұлы Қобда,

Жыр жаздым өзіңе арнап, мені қолда.

Сен жайында толғансам, туған далам,

«Ақсұңқар құс қонады жайған торға».

Қорғады Қобыланды елін жастан,

Батырдан көрген жауы сасып қашқан.

Жиренқопа жерінде жатыр бабам,

Тірісінде баршадан ерлігі асқан.

Жас та болса ақылы дариядай,

Бұл жердің мерген қызы Әлиядай.

Еске алғанда ұл-қызын ерлігі асқан,

Қобда өзені тасиды дариядай.

Ұлы Қобдам қастерлі – ұлы мекен,

Паңсынбайды ешкімге, сыры бекем.

Өзіңмен мақтанатын ұланыңмын,

Өзіңді жырлап өтер ұлың екем.

Абай ТҰРЫМҰЛЫ,

И.Құрманов атындағы негізгі мектептің

7-сынып оқушысы.

Егіндібұлақ ауылы,

Қобда ауданы.

Мен салған сурет

Шалқар ауданы Мөңке би ауылы М.Тәжин атындағы орта мектептің 2- сынып оқушысы Назерке Рысмағанбетова болашақта суретші болсам деп армандайды. Және ол қолын жаттықтыру үшін үнемі сурет салады  екен. Біз төменде анасының кішкентай қолқанаты, жас суретші Назеркенің  «Сүйкімді балапан», «Кірпі» атты суреттерін жолдап отырмыз.

Өткен санда жарияланған сөзжұмбақтың жауабы:

Отқа. Мылтық. Атқыштар. Мәншүк.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button